[공지] Неге корейлер «Мекке» деген сөзді жиі қолданады?
  
 작성자 : admin
작성일 : 2021-02-14     조회 : 32  


Неге корейлер «Мекке» деген сөзді жиі қолданады?

وَإِذْ قَالَ إِبْرَاهِيمُ رَبِّ اجْعَلْ هَذَا بَلَدًا آمِنًا وَارْزُقْ أَهْلَهُ مِنَ الثَّمَرَاتِ

 مَنْ آمَنَ مِنْهُم بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ قَالَ وَمَن كَفَرَ فَأُمَتِّعُهُ قَلِيلاً ثُمَّ

 أَضْطَرُّهُ إِلَى عَذَابِ النَّارِ وَبِئْسَ الْمَصِيرُ

«Сонымен, Ибраһим Алладан осы қаланы жарылқап, қауіпсіз етуін сұрады. Ол Алладан осы қаланы қауіпсіз етіп, оның тұрғындарына - Аллаға және қиямет күніне сенгендерге жемістер сыйлауын сұрап дұға етті. Аллаһ былай деді: «Кәпірлерге мен оларды аз уақытқа ләззат беремін, сосын қиямет күні отпен азаптаймын. Бұл қайта тірілу мен қайту олар үшін жаман!» («Бақара» сүресі, 126-аят).

Қасиетті ислам дінінің кереметі туралы жыл сайын ғалымдар зерттеп ашып жазып келеді. Расында, ондай жаңалықтарды мұсылман қауымы жылы қабылдап, өз діні туралы терең білу түсуде. Әсіресе, ғылыми деңгейде зерттеліп жеткізілген мақалалардың деңгейі қарапайым мақаладан қарағанда әлдеқайда дәйекті әрі қызықты болмақ. Өйткені ғылым-білім бар жерде өркендеудің және гүлденудің бар екенін бәрі жақсы түсінеді. Ислам діні де әрдайым ғылым-білімді қолдап, ғылыми өркендеуді толық мақұлдайды. Білім алуды – жәннатқа апарар жеңіл де, сауабы мол жол деп көрсетіп, жоғара бағалайды. Соңғы кезде көпшілікке жақсы таныс, әр елде ғылым-білім саласында өзгерістер болып жатыр. Бір салада ілгерілеу болса, бір салада тұралаушылық көрініс беруде. Дегенмен ғылыми даму тоқтаған емес. Өйткені ғылым мен білім - адамзат баласының рухани кемелденуіне ықпал етеді. Мысалы, күн шығыстағы Кореяда ислам діні туралы танып біле түсуде. Ғылыми зерттеулер жыл сайын өтеді. Корей ғалымдары қасиетті ислам діні туралы туындылар жазуда. Халықаралық және ел ішіндегі конференцияларды ұйымдастырып тұрады. Сондай ғылыми зерттеулер мен ізденістер ислам діні туралы оң пікір мен бірішама объективті көзқарасты қалыптастыруға ат салысып жатқаны сөзсіз.

Қазір ислам дініне жалпы әлемде қызығушылық артып келеді. Кәрі құрлық батыстан бастап, шырайлы шығыс Азия аймағына дейін жерді мекен еткен халықтардың көбі дерлік ислам дінінен хабардар. Сондай елдің ішінде «Оңтүстік Корея»ның қоғамы бар. Корейлердің дәстүрлі діни нанымы конфуций мен будда дінімен байланысты дамып, қалыптасқан. Бірақ исламмен олар 15 ғасырда алғаш танысты. Алайда сол ғасырдағы саясаттың ықпалымен ислам бұл елде тұрақты түрде дамымады. Одан кейін «корей соғысы» кезінде корей түбегіне ислам діні қайта кірді. Сол кезде оның негізін БҰҰ-ның әскер тобында болған мұсылман түріктер қалады. Солай түрік ағайындардың бастамасымен қайта бастау алды. Сөйтіп, ислам діні корей түбегіне таныла бастады. Көпшіліктің қолдауымен мешіт пен шағын орталық ашылды. Ондағы әрбір мұсылман береке мен бірлікті ту етіп, корей еліндегі ислам дінінің тұрақтануына және таралуына үлес қосты. Корей еліндегі барлық түрік, арап, иран, пәкістан, орта азиялық және корей мұсылмандарының басын қосып жүрген мұсылман қауымдастығы белсенді жұмыс жасап отыр. Айт сияқты мұсылман мерекелерін үзбей атап өтеді.

Соңғы кезде бір байқағанымыз, корей елінің мерзімді басылымдарында және ғылыми ортада кейбір исламға қатысты сөздерді қолдану жиі байқалады. Ол жалпы бұл елдің ислам дінін танып келе жатқандығын көрсетеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, ислам дініне қатысты сөздер басқа дінге қатысты сөзден қарағанда жиі қолдануда. Бұл дегеніміз – Шығыс Азия жерінде ислам мәдениеті қолданысқа ене бастаған деген сөз. Жұртшылық ислам сөздеріне үрке қарамайды. Керісінше оңай жазылып, жақсы көрініс табуда. Мұсылмандардың қасиетті қаласы, исламның отаны-Мекке қаласының атауын корей елінде жиі жазады. Сонымен қатар, «Мекке» сөзінен асып түсер теңеу мен сөздің жоқтығын байқатады.

Олар «Мекке» сөзін қандай кезде қолдануда? Көбіне теңеп, сипаттап, көтермелеп, әспеттеп, деңгейінің биік екенін айтар, жазар кезде қоланады. Бір сала емес түрлі салада кездесіп отыр. Мысалы; «мәдениеттің меккесі», «балалар әдебиетінің меккесі», «өнердің меккесі» (корейше:예술의 메카), «сауданың меккесі»( корейше:무역의 메카), «ғылымның меккесі» (корейше:과학의 메카), «өнеркәсіптің меккесі» (корейше:산업의 메카), «моданың меккесі» (корейше:패션의 메카). Одан басқа да жаңа заман терминдерінің ішінде кездеседі. Айталық, «стартаптың меккесі» (корейше:스타트업의 메카). Технолгиясы дамыған корей елінде «Технология мен инновацияның меккесі» (корейше:기술과 혁신의 메카) деп жазылып жүр. Көзі қарақты оқырманның көзін жеткізу үшін мынадай бірнеше суреттерді жариялайық.


 

Түрлі баспасөздерде шыққан мақалалардың тақырыптарына назар аударыңыз. Мұндай мақалалардың тақырыбы мен ғылыми зерттеулердің тақырыбын көп оқып табуға болады.  Осы бір жақсы құбылысты байқап, мынадай ой мен тұжырымға келдік.

Бірінші, корей елінде «өнердің меккесі» деп түрлі мұражай мен қала, өңірді сипаттап айтқанда жиі жазып жүр. Жәй мұражай емес, мемлекеттік мұражайларды телеарналар мен ютуб каналдар арқылы таныстырған кезде естисіз. Егер «Мекке» сөзінің тарихи рөлі, маңызын  ұқпаса, корейлер «өнердің меккесі» деп айтар ма еді?! Біздіңше, жазып, қолданбас еді. Олар сол сөздің рөлі мен маңызын терең екенін ұғып, тақырыбын бір сөзбен ашатын болған соң қолдануда. Шын мәнінде одан артық кең мағыналы, толық сөзді таппаған соң жазып отыр емес пе?! «Мәдениеттің Меккесі» деп мәдени сала майталмандары жазып келеді. Әсіресе, мәдени журналдардан көресіз. Ондай мақалалардың тақырыбын оқып, іштей сүйсініп, іштей мақтанып, іштей шүкіршілік қыласың. Іштей сүйсіну-басқа елдің тілінде қасиетті қаланың атын жиі кездестіріп қалып, не жазды екен деп ішіне үңіліп қарайсың. Іштей мақтану – қасиетті қаланың атауы ешқашан төмендеуі мүмкін емес. Ол ең жоғарғы теңеулердің бірі болып руханият әлемінде мәңгі қала береді деген ой келеді. Іштей шүкіршілік қылу–Мекке деген тарихи жерді тану еді. Ондағы зәмзәмға сусындап, Сафа-Маруа, Ибрахимның мақамын көріп, ғ.с.Мұхаммед Пайғамбар адамзат баласын шүкіршілікке шақырған айтулы қалада ізіңнің қалғанына шүкіршілік етесің. Иә, корейлерде «мәдениеттің меккесі» көп шығар, бірақ біз мұсылмандар үшін Мекке қаласы – қасиетті дініміздің меккесі ғана емес, Адамзаттың меккесі, әлем руханиятының меккесі дер едік. Оны көрген де, көрмегенде арманда десек те, шығыс халқының қаламгерлері қаланы көрмесе де, көргендей түсініп, қолданып келеді. Ал кейбір мұсылман бауырларымыз тарихи қаланы көрсе де, еңбегі мен мақаласының атауына мұсылмандық сипат беруді ойына да алмайды. Иә, бір оймен марқайсаң, бір оймен мұңаясың осылай!...


Екінші, «сауданың меккесі» деген жолдар мен сөйлемдерді бірнеше жыл ғылыми жұмыспен экономикалық тақырыптағы талай еңбектерді оқып шыққанда кездестірдік. Мекке қаласының атауы шығыс жеріндегі Оңтүстік Корея сияқты «Азияның жолбарыстарының» экономика мен сауда саласына терең еніп кеткен екен деген ой келді. Шындығында, Меккенің өзі ықылым заманнан бері– нағыз сауданың қаласы, сауданың отаны болған. Оған барлық тарихи кезеңдер мен оқиғалар куә. Бір ғана мысал, ғ.с. Мұхаммед Пайғамбарымыз Хадиша анамыздың сауда керуеніне басшықылып қылып, бірнеше қалаға сапар шекті. Арап өңірінде сауда керемет дамыды. Қазір де арап елдері құралақан емес. Ислам дінінің оу бастан сауданы құптайтындығын айтпасақ та, ел жақсы біледі. Араб даласы сияқты шығыс өңірі де сауданың бір қайнаған қара қазаны. Корея сияқты елдің экономистері мен ғылыми зерттеушілері «сауда мен экономиканың меккесі» деп тақырыптарына ат қойып, айдар тағуда. Қасиетті қаланың атауы көп тақырыптың шырайын келтіріп, маңызын көрсетіп қана қоймай, мүйізі қарағайдай мамандардың назарын тарта түсуде. Бір ғана сөз қаншама салмақ беріп тұр. Небір ғылыми мақаланың тақырыбына күн сәулесіндей нұрын шашып келеді. Демек, қасиетті қаламыздың атауы, Мекке – өзге ұлт қаламгерлерінің қаламынан әдемі, көркем сөз болған соң жазылып, шығып жатыр деп айтар едік.

Үшінші, «ғылымның  меккесі» деген тақырыптар мен сөйлемдер, жолдар Оңтүстік Корея елінің ғылыми ортасының сөздік қорына кіргелі қашан, қай заман? Оны зерттеп жазып жатқан ешкім жоқ. Аталмыш елде християн дінінің өкілдері көп тұрады. Будда, християн дінінің ұстанушылар көп. Арасында құдайға сенбеушілер мен ешбір дінді ұстанбайтындар да бар. Соның ішінде бір қызығы, корей баспасөзінің қызметкерлерінің кейбірі християн дінін ұстанады. Бірақ олар өзге дінде болса да «Мекке» сөзін жазады. Яғни, олар өзінің дінінен немесе елінің сөздік қорынан «мақаласына» лайықты сөз бен теңеу таппаған деген сөз. Бір сәт ойланып көрейікші. Будда мен конфуций ілімімен сусындап өскен корей ғалымдары өздерінің ғылыми тақырыптарының атауы, презентацияларын неге «ғылымның меккесі» деп қоюда? Яғни, бұл да бір қызықты сұрақ. Діні басқа бола тұра, кейбір кезде исламға басқаша қарай тұра, салты мен дәстүрі басқа бола тұра, исламға қатысты қаланың атауын алып, өзінің ғылыми жұмысының шырайын келтіріп, тақырыбын аша түсуі – назар салатын, анықтайтын бірегей құбылыс. Яғни, бұл ғалымның  ой шыңының шектеулі тұсы, сол тұсқа келгенде дәрменсіздік танытып, бір ғана сөзді таңдайды. Ол сөз – Мекке қаласының атауы. Ақыр соңында қанша ғылымды меңгеріп, қанша атағы бола тұрса да, бейшара күйге түсіп, «Мекке» деген ол сөзден артық лайықты сөзді таппай дал болады. Сөйтіп, сол бір қаланың атауы алып отырған тақырыбын аша түсер «Мекке» деген сөз екенін жақсы түсінеді. Түсінеді де, соған тоқтайды. Соңғы таңдау сол сөзге түседі. «Ғылымның орталығы», «ғылымның астанасы» деген сөздер «Мекке» деген сөздің жанында ауылдағы ақсақалдарымызша айтатын болсақ «әдірам» қалады. Мекке деген сөз ол – жаһандық деңгейді көрсетіп, уақыттық маңыздылықты, парасатты паш етіп, пәлсапәлықты танытып, ғылыми актуалдық мәселесі қамтып тұрады. Осылайша бүкіл адамзатты айрандай ұйытып отырған қаланың атауы – кәрістердің ой-санасына өте ғажап, қажетті, пайдалы, тиімді, ұтымды, ерекше, мың ойды жеткізетін оңтайлы сөз деген ұғым болып қалыптасуда.


Төртінші, «өнеркәсіптің меккесі» өздерінің өнеркәсіпті дамытып отырған түрлі өңірлерін атап жазып келеді. Сонау 90 жылдық дүниелерден көре аласыз. Бұл күні осы бір сөз тіркесі басылым беттерінде өнеркәсіп саласының тұрақты сөз тіркесіне айналды. Ғаламтордан ондай атауы бар мақала көру тіпті қиын емес. Басқа саласын ауыз алып атамасақ та, осы сала бойынша корейлер «өнеркәсіптің меккесінің» бірнешеуін тұрғызып, ел игілігіне жаратып отыр. Ірі-ірі өнеркәсіпті ашып, елінің экономикасына қуат қосты. Индустриялық жобаларды жүзеге асырып, бірқатар қаласын дамытып алды. Кеме жасау, көлік жасау сияқты сан-саланы ерте игерді. Шығыстағы өнеркәсіптің мекесін тұрғызып, еліне пайда келтіруші мемлекеттің бірі – осы Оңтүстік Корея. Оған ешкім дау айта алмайды. Қазіргі таңда Жапонияның өзін көптеген салада артта қалдырып, басып озғаны тағы бар. Бәсекелесіп бәйгесін оздырып та үлгерді. Міне, діні мен салты басқа бола тұра, қасиетті ислам сөзін қолданып жатыр.

Бесінші, «Технология мен инновацияның меккесі» деген сөзді көп жазады. Бірақ ол сөзді Корей елінің өзіне айтсақ жарасатын сияқты. Талай жаңа технологияны тауып, әлем елін таңқалдырды. Кәріс заманауи технологиясы – алпауыттардың өзін қызықтырып отыр. Корей елінің технологиялық дамуына қызыға қарап, көптеген елдердің үкіметі мен бизнесмендері тәжірибе алмасып, бірігіп іс бастауға ниетін танытуда. Осындай ерекшелігі бар корей елінде баспасөздері мен ғылыми ортасы ислам дініне қатысты сөздерді жиі қолданып, жиі жазып отырған жайы бар. Демек, бұл дініміздің әлем халқының рухани қазынасына белсенді және тұрақты қызмет етіп отырғанын көрсетеді. Қай сала болмасын барлық салада ислам діні өзінің миссиясын атқарудай атқарып келеді. Тек бір ғана дін саласы деп қарастырсақ, қате болмақ. Яғни, ислам діні – барлық салаға ортақ ой мен идея сыйлап келе жатқаны бәріне аян.

Қазіргі таңда корей қоғамында түрлі салада жазылып келе жатыр. Мысалы, тілшілер, ғалымдар, жазушы мен ақындар, саясаткер және дипломаттар, зерттеушілер қолдануда. Қарапайым адамдар да қолданады. Оқу орнында презентация жасағанда студенттер де жиі жазып жүр. Осының бәрі қасиетті қаламыздың мәртебесі деп айтар едім.

Жәй ғана бір қарапайым қаланың атауы емес, адамзат баласының өмірінде маңызды орын алатын Меккенің атауы осылай корей елінің баспасөзі мен ғылыми ортасында жиі кездесуде. Міне, мұның бәрі – ислам дініне қатысты сөздің бір арапқа ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ екенін көрсетті. Тіпті, мұсылман емес елдердің осылай кең қоданып жазуы – ислам дінінің артықшылығын байқатады. Меккенің орны мен рөлі басқа қаладан, басқа мекеннен биік екенін де уақыт өзі дәлелдеп көрсетті.


Алдағы уақытта Мекке деп Шығыс Азиядағы Корей елінде ғана емес, әр елдің қоғамында көбірек жаза түседі деген ойдамыз.Бір ғана шығыс елінің бірі Кореяда ғана емес, басқа да талай елде мұндай құбылыстар байқалуы мүмкін. Ең бастысы ислам әрдайым – әлемдік рухани, ғылыми және мәдени дамуға өзінің үлесін қосып келеді.

Сөз соңында айтарымыз ғылым саласына мұсылмандар бет бұрып, ғылымдағы жиі құбылыстар пен өзгерістерді, артықшылықтарды жазып, көпшілікке жеткізуі тиіс. Қазақстан сияқты елге ендігі керек дүние - ғылым мен қарекет. Ғылым игеріп, оны еліңнің пайдасына асырып, әр саланы «Меккедей» мәртебеге жеткізсек деген арман мен ой, ниет пен мақсаттың болуы – бүгінгі қазақ баласының бек ұстанымы болмақ керек. Алдағы уақытта ғалым болар әр қазақтың баласы «Ғылым таппай мақтанба» деген Абайдың өсиетін алдымен ұғынуы керек. Сонда шығыс халықтары секілді әр салада бір-бір Мекке тұрғызып, мұсылман еліне пайдасын тигізбек. Ғалымның хаты өлмейді деген қанатты сөз – бүгінгі заманның басты қағидасына айналса, біз де бірнеше салада Жапон елін басып озған Корей елі секілді бірталай белестерді бағындырар едік. Ең бастысы қоғамда рухани Меккелерді иман және рух, таза ақыл-ой және еңбекпен тұрғызу мұсылманның басты мақсаты мен міндеті дер едік.

Дастан Ақаш,

Шығыстанушы-корейтанушы, мемлекеттік және жергілікті басқару саласының маманы, халықаралық қатынастар магистрі

 

 
 
 
Copyright 2019 qazkorea.com All right reserved.
All materials on this website are subject to copyright (including design and photos). It is forbidden to steal thoughts, ideas, texts, sentences, and to engage in plagiarism.
Any use of this website’s material is allowed only if it is credited by adding a specific link to qazkorea.com