Сон Хян ГЫН, Седжон институтының төрағасы: Корей тілін үйрен...
  
 작성자 : admin
작성일 : 2019-09-27     조회 : 261  
 관련링크 :  http://old.aikyn.kz/ru/articles/show/16382-son_hyan_gyn_sedzhon_institutyny_t_ra_asy_korei_t_l_n_ire… [38]


 Сон Хян ГЫН, Седжон институтының төрағасы: Корей тілін үйренуге себеп көп

– Сон Хян Гын мырза, Оңтүстік Корей Республикасы жер шарына экономикасымен жақсы танымал. Енді ұлттық тілін де әлемге на­си­хаттап жатыр. Бұл өзгелер үйренетін үрдіс екен.

 Соңғы 8 жылда 54 елде 138 Седжон институтын ашу керемет оқиға екені даусыз. Алайда өздеріңіз ағылшын тілінің үстемдігін бай­қайсыздар ма?
– Әрине, Кореяда да шетел­діктер баршылық. Бірақ олардың саны аз. Сондықтан корей тілін еркін қолдана аламыз. Корей тілі бастауыш сыныптан жоғарғы сыныпқа дейін, университетте де басымдықпен оқытылады. Де­генмен халықаралық және жа­һандану кезеңінде ағылшын ­тілінің қажеттілігі бар болғандықтан, ағылшын тіліне қатысты білім де тым ертерек беріледі. Нақты айт­сам, бастауышта үшінші сы­ныптан бастап ағылшын тілі оқытылады. Жоғары оқу орнының қабырға­сында студенттер ағылшын тілін көп оқып әрі жан-жақты үйренеді. 
Ағылшын тіліне қатысты қажеттілікті мойындаймыз. Бізде ағылшын тілін көп қолданатын және түсінетін адамдар көп. Ал барлығы бір-бірімен сөйлесіп, қарым-қатынас жасағанда корей тілін ғана қолданады.
Кореяда жұрт ана тілін ғана қолданатындықтан, корей тілі шет тілі деңгейінде оқытылмайды. Тілді оқытудың ерекше тәсілі қол­да­нылмайды. Тек әр сынып сайын балалар корей тілінен емтихан тапсырады. Осының өзі ұлтымызға жауапкершілік жүктейді. 
– Корей тілінің беделін арттыру мақсатында қандай жұмыстар жүргізіледі?
– 2000 жыдан бастап Кореядан тыс елдерде корей тілін үйренгісі келетін адамдар біртіндеп көбейе бастады. Әсіресе, 2010 жылдан бас­тап қазірге дейін корей тілін үйрен­гісі келетін адамдар тіпті көбейді. Әртүрлі себеп болады ғой, сондай себептің бірі – «Халлю» деп ай­татын мәдениет. «Халлю» мәде­ниетінің әсері күшті болды. Бұл – бірінші, шешуші, әсер етуші фактор. Екінші, корей компа­ниялары шетелдерге барып, биз­­нес жасайды. Сол компа­нияларда жұмыс жасағысы келетін адамдар корей тілін үйренуді қалайды. Корей компаниясымен байланысы бар, солармен ынты­мақтасып жұ­мыс жасайтын басқа елдің жер­гілікті компаниялары да жеткілікті. Сондай компаниялар корей тілін түсінетін және жаза алатын адам­дарды қызметке алады. 
Міне, осы жерден екінші бір себепті көруге болады. Одан басқа үшінші бір себеп – Корея әйелдері баланы аз табатын елдің бірі. Бала туу көрсеткіші төмен. Бұл дегеніңіз – еңбек күші жеткіліксіз деген сөз. Сондықтан шетелдіктер Кореяға келіп жұмыс істеуі керек емес пе? Корея деген қоғамның қозғалатын бір тетігі сол. Шетелдік жұмыс­шылар корей тілін үйрену қабілеті бар болса ғана Кореяға келе алады. Біздің елге келуге рұқсат алар кезде корей тіліне қатысты емтихан тапсырады. Бұл да корей тілін үйренуге байланысты себептің бірі болмақ. Одан басқа Кореяға оқуға келетін жастардың ішінде корей тілін үйренгісі келетіндер бар. Олар да корей тілін ынтамен үйренеді. Бұл – төртінші себеп. Енді ең соң­ғы себеп ретінде айтар нәрсе мы­нау: Кореяда жастар кеш үй­ленеді немесе әйелдер жағы үй­ленгісі келмейтін көрініс байқалады. Сондықтан жасы келіп қалған корей жігіттері оңай үйлене алмай жатыр (күлді). Әсіресе, аймақ және ауылдық жерде мұндай құбылыс қатты байқалады. Кореяның ер адамдары мен шетелдік әйелдердің үйленуі, тұрмыс құруы қалып­тасқан құбылысқа айналды.Тұр­мысқа шығу арқылы Кореяға келген шетелдіктер көп. Шамамен, бәлкім 250 мыңдай адам болады. Ондай жандарға корей тілін түсіну керек қой. Міне, солар да корей тілін үйреніп жатыр. 
Оларға арналған корей тілін үйренетін кітаптар бар. Сөз со­ңында айтарым, жалпы, бұл корей тілінің беделін артырсақ деген көзқарастан гөрі, Кореяны түсі­нейік және Кореяны түсін­дірейік деген тал­пыныстың нақ ортасында корей тілі тұрады. Сондықтан болар, корей тілін үйреніп жатқан адамдар өсу үстінде. 
– Мемлекеттік органдарда ко­рей тілі қалай қолданылады және қыз­метке қабылданарда тілге қа­тыс­ты емтихан тапсыру міндет­теле ме?
– Алдында да айттым, Ко­реяда барлық жұмыс корей тілінде жүргізіледі.Барлық шаруаны корей тілімен атқарамыз.Кореяның мемлекеттік органдарында корей тілін қалай қолданады деп қа­растыруға келмейді. Барлығы корей тілінде сөйлейді. Қандайда бір жұмысқа тұрған кезде корей тілінде емтихан тапсырмайды. Бірақ мынадай бір жағдай бар.Тек корей тілін ана тілі ретінде қаншалықты қолданып отыр деп, байқап, тексеретін емтихан бар. Ондайды көбіне корей компа­ниялары, жеке компаниялар өздерінің талап-тілегі бойынша шақыртып, емтихан ұйымдас­тырады. Бірақ ол сондай көп емес, арагідік кездесіп тұрады. 
– Шетелге қызметке шығатын мамандарға корей тілін насихаттау тапсырыла ма?
– Қазіргі таңда 54 елде 138 Корей тілі институты жұмыс жа­сауда. Сонда қызмет жасайтын корей тілі мұғалімдері мен зерт­теушілер – арнайы мамандар. Олар тілімізді өзгелерге таныту үшін барынша тырысады. Корей тілін арнайы насихаттаңдар деген жоғарғы жақтан тапсырма жоқ. Тек олар корей тілін шетелдіктерге дұрыс үйрету үшін тырысып жатыр. 
Тіл дегеніміз – мәдениеттің бір бөлшегі. Мәдениеттің ішіндегі ең бір маңыздысы – тіл. Сондықтан корей тілін – корей мәдениеті деп қарастырған жөн. Одан басқа корей мәдениетінің алтын ортасы, түпқазығы корей тілі болған­дық­тан, біздің үкімет корей мәде­ниетін насихаттауға көп көңіл бөледі.  
Әлемде корей тілін үйренсек дейтін адамдар көбейді, алайда олардың бәрі тілді үйрене алмайды. Ондай сәт әркімге бұйыра бер­мейді. Студенттер мен маман­дарға ғана емес, жай қарапайым адам­дарға да корей тілін үйреніп, корей мәдениетін түсінгісі келе­тіндерге оңтайлы сәтті беру үшін біз Седжон институтын ашып отыр­мыз. 
– Тілдің төркіні – әдебиетте. Ба­лалар мен ересектерге арналған әде­биетке қаншалықты көңіл бө­лінеді?
– Корея – тарихы бай елдің бірі. Әсіресе, әдебиеті бай. Көп­теген әдеби туындылар жазылып жатыр. Көптеген ақын, жазушылар бар. Елде әдебиетке деген қызығу­шы­лық басым. Жұрт әдебиетті көп оқи­ды. Үкімет тарапынан қолдау да бар­­шылық. Бұл – корей аза­мат­та­ры үшін жасалынып жатқан ша­ралар. 
Жалпы, мәдениеттің үлкен бөлігі әдеби туындылардан тұ­рады. Сондай әдеби туынды­ларды шетелдік адамдар оқи алатындай, корей тілінде жазылған шығар­маларды шет тіліне аудару жұ­мыстары кеңінен қолға алынуда. Мысалы, Мәдениет және спорт, туризм министрлігі жанында корей әдебиетін аударатын мекеме бар. Сол мекеме корей тіліндегі дүние­лерді шет тіліне аудару ісімен шұ­ғылданып, сондай жұмыстарға көп қолдау көрсетіп жатыр. 
Жалпы, көркем аударма деген қарапайым аударма емес, өте бір қиын аударма ғой. Әдеби шығар­маларды көркем аудару деген қайта бір жаңа шығарма жазудан да қиын іс деп айтады. Ол екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан шетелдіктердің ішінде корей тілін білетін мамандарға арналған, соларды жетілдіретін, кемелден­діретін жеке бағдарлама бар. Ол жерге өту деген де қиын. Оған тілді өте мықты білетіндерді таңдап алады. Корей тіліне жетік аза­маттарды Кореяға шақырып, бірнеше ай даярлықтан өткізетін бағдарлама бар. Бұл жерде тағы да айтарым, Кореяда да шет тілін білетін жергілікті тұрғындар бар. Олар да сондай іріктеуден өтеді. Содан кейін «корей шығармаларын қалай аударса болады?» деген сыңайда тәжірибе алмасып, шың­далады. Біздің бұлай тырысуы­мыздың себебі Корей елінде де Нобель сыйлығын алуға қызығу­шылар көп. Әлі күнге Кореяның бір жазушысы Нобель сыйлығын алмапты. Оны ала алмауының түр­лі себептері бар. Бізде де мықты көркем шығармалар жетеді. Бірақ оның бәрі корей тілінде ғана жа­зылып жатқан соң, шетелдіктер оны түсінбейді және оқи алмайды. Соларды түрлі елдің тіліне аударып, танытайық, таны­лайық деген мақсатта жұмыстар істелуде.
– «Корей-Еуразия» семинарын Қазақстан жерінде, соның ішінде Астанада өткізуге не себеп болды? 
– Әлемде корей тілі Седжон институты арқылы бірыңғай жү­йемен үйретіледі. Ол жерде бірың­ғай корей тілін дұрыс бағытпен үйрететін оқу құралдары мен кі­таптар бар. Оқу құралдары «Сед­жон корей тілі» деп аталады. Корей тілін Седжон инс­титутында оқи­тын адамдар өзінің корей тілін қан­­шалықты білетінін анықтағысы келмей ме? Олардың корей тіліне деген қабілетін тексеру мен баға­лау­­ға арналған емтихан жүйесі де бар. 
Алдағы уақытта бүкіл әлемдегі Седжон институттары бірыңғай жүйемен, бірыңғай білім­мен, бірыңғай емтиханмен қамта­масыз етіледі. Қазірдің өзінде бұл жүйе жүзеге асып, жұмыс істеп тұр. Осын­дай жұ­мыстармен шұғылдану бары­сында Седжон институтының мұғалім­деріне жеке білім беру керек. Арнайы оқулық жасап шығарамыз. Оларға қалай білім беру керектігін, одан басқа көп­теген материалдарды да дайындап, қалай сабақ беру керектігін үй­ретеміз. Бұдан басқа корей тілін үйренетін жастардың ішінде корей мәдениетіне қызығу­шылар көп. Сондықтан біз корей тілі мен корей мәдениеті деген жеке бөлек оқу құралын дайындадық. Мә­дениет сабақтарына байла­ныс­ты жаңа жүйені әзірлеу­деміз. Сон­дықтан Седжон инсти­туты корей тілі мен мәдениетін ең маңызды байлық қатарына қосып, соған байланысты білім береді. Одан басқа Седжон институтын басқару керек емес пе? Оны басқаратын менеджер, әкімшілік, басқа да қызметкерлер үшін жыл сайын шілде айында «Әлемдегі корей тілін үйретушілер үшін деген конференция» ұйым­дастырамыз. Оны Кореяда өткізе­міз. Бірақ олардың бәрін бір күнде, бір уақытта шақыра алмаймыз. Солардың ішінде бөлім-бөлімімен жыл сайын кезектесіп тәжірибе алмасып, білімін жетілдіреді. Мұндай мүмкіндікті бәріне бірдей жасай алмайтындықтан, қазір аймақ-аймаққа бөліп жасаудамыз.
Қытайда Седжон институты­ның бөлімшесі көп. 2013 жылы Қытайда Седжон институттары үшін арнайы семинар өткіздік. 2014 жылы Вьетнамда Оңтүстік Азия елдеріне арналған семинар болды. Осы жылы Орта Азия аймағындағы елдерге арналған семинар ұйым­дастырдық. Бұған Ресей мен Моң­ғолиядағы Седжон инс­титутының адамдарын қосып ша­қырдық. Бұған Қазақстан, Өз­бекстан, Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан елінен адамдар келді. Бұл – айма­қаралық семинар. Жиын әр ай­мақтың мәдениетіне сай өткізіледі. Әрі олардағы корей тілін үйрену­шілердің мақсаты да ұқсас болып келуі мүмкін. Қазірге дейін жы­лы­на бір рет өткізсек, алдағы уақытта бір жылда бірнеше рет өткізуді мақ­сат етіп отырмыз. Қа­зақстан же­рінде «Корей-Еуразия» деген атпен аймақтық семинар үшінші рет өтіп отыр. 
– Алда қандай жоспарларыңыз бар? 
– Жалпы, Седжон институты 2007 жылы ашылған. Басында үш елде он үш жерде ашылды. Алайда 8 жылдың ішінде 54 елде 138 жерде аштық. Алдағы уақытта да көбей­теміз. Қазіргі таңда шетел­дерде 28 корей мәдениеті орталы­ғы бар. Бірақ корей тілі мен мәдение­тін тек корей орталықтарында ғана оқыта алмайды. Бәрін олар атқа­­рып шығуы мүмкін емес. Біздің инс­титуттың мақсаты – Корей тілінің әлемі мен корей мәдениетін таны­ту. Мысалы, «француз тілін үйренгіңіз келсе, Альянс Франсқа барыңыз, неміс тілін Гете инсти­тутынан, ағылшын тілін «Бритш конслдан» үйрене аласыз. Жапон тілін білу үшін «Жапон қорына» барыңыз» дедік. Ал қазір «корей тілі мен корей мәдениетін түсіну үшін әлем адамдары қайда барса болады?» деп сұрағандарға «Сед­жон институ­тына» барыңыз дей­тіндей жағдайға жеткенше еңбек етеміз. 
– Тамаша бастама екен. Осы мақсаттарыңызға жеткенше және Сед­жон институты танылғанша же­місті жұмыс істеңіздер. Шынайы ті­­легіміз осы. Әңгімеңізге көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан Дастан АҚАШ,
Жолдасбек ДУАНАБАЙ


 
   
 
Copyright 2019 qazkorea.com All right reserved.
All materials on this website are subject to copyright (including design and photos). It is forbidden to steal thoughts, ideas, texts, sentences, and to engage in plagiarism.
Any use of this website’s material is allowed only if it is credited by adding a specific link to qazkorea.com